Сирек дертке арналған дәрі бағасын қолдан өсіргендер әшкереленді. Заңсыз табысқа 32 пәтер сатып алынған

Бүгін, 11:28 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Қаржылық мониторинг агенттігі дәрілік препараттарды сатып алу кезінде мемлекетке ірі көлемде мүліктік залал келтіру фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеу мәліметінше, «Интерфармсервис» ЖШС Қазақстанда Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілердің жалғыз жеткізушісі болған. Компания бес жыл бойы аталған препараттарды елдегі медициналық ұйымдарға тасымалдап келген.

Алайда агенттік дерегіне сүйенсек, серіктестік басшылығы заңсыз пайда табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне бағынысты компанияны қосқан. Осы арқылы жалған мәмілелер рәсімделіп, препараттардың бағасы жасанды түрде қымбаттатылған. Сонымен қатар дәрілердің нақты өзіндік құны жасырылған.

Нәтижесінде мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.

Бұдан бөлек, тергеу барысында компания басшылығы салықтан жалтару үшін жеке кәсіпкерлермен жалған мәмілелер жасап, жалған шот-фактуралар рәсімдеу арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру схемасын ұйымдастырғаны анықталған. Соның салдарынан 4 млрд теңгеден астам қаржы қолма-қол ақшаға айналдырылып, 637 млн теңгеден астам салық төленбеген.

ҚМА мәліметінше, заңсыз табысқа 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй сатып алынған. Қазір бұл мүліктерге тәркілеу мақсатында тыйым салынды.

Іс бойынша екі күдіктіге үйқамақ түріндегі, ал үшінші тұлғаға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қазіргі уақытта тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысуды бастаған.

Тэгтер:

баға ҚМА Дәрі заңсыз сатылым Интерфармсервис