Өскемен қаласындағы «Қазцинк» зауытында болған жарылыс пен өрт салдарынан екі адамның қаза тапқаны хабарланды. Компания өкілдерінің мәліметінше, тағы бес адам түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алдын ала дерек бойынша, түтінсорғышты тазалау кезінде жарылыс болып, артынша өрт шыққан және ғимараттың кейбір бөліктері жартылай құлаған.
«Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Оқиға орнында төтенше қызметтер жұмыс істеп, салдарын жою шаралары жүргізілуде. Арнайы комиссия құрылды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы тергеу нәтижесінде анықталады», - деп хабарлады компания.
Қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге көмек пен қолдау көрсетілетіні айтылды. Сонымен қатар экологтар төтенше жағдайдың қоршаған ортаға әсерін зерттеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ауаға шаңның жергілікті деңгейде таралуы тіркелгенімен, рұқсат етілген мөлшерден аспаған және қауіпті ластаушы заттар анықталмаған.