Новосібірде екі физик-ғалым мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 12,5 жылға сотталды

Бүгін, 14:23 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Новосібір облыстық соты мемлекеттік опасыздық (РФ ҚК 275-бабы) ісі бойынша Теориялық және қолданбалы механика институтының бас ғылыми қызметкері Валерий Звегинцев пен Томск политехникалық университетінің доценті Владислав Галкинді кінәлі деп таныды. Екеуіне де қатаң режимдегі колонияда 12,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы және 1,5 жылға бостандықты шектеу тағайындалды. Бұл туралы «Ъ-Сибирь» мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Істің қозғалуына шетелдік ғылыми журналда жарияланған мақала себеп болуы мүмкін.

Звегинцев 2023 жылдың сәуірінде ұсталған. Кейін оның әріптесі әрі бірлескен авторы Владислав Галкиннің де ұсталғаны белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, істің қозғалуына газ динамикасы туралы шетелдік журналда жарияланған ғылыми мақала себеп болған болуы мүмкін. 2024 жылдың күзінде ғалымдарға қатысты сот процесі басталған.

Бұған дейін Теориялық және қолданбалы механика институтының Христианович атындағы ұжымы ғалымды қолдап ашық хат жариялаған еді. Институт сайтында жарияланған үндеуде ғалымның және оның әріптестерінің материалдары бірнеше рет сараптамалық комиссия арқылы тексерілгені, онда шектеулі қолжетімді ақпарат анықталмағаны айтылған.

Тэгтер:

ғалымдар сот ресей физик