Иран АҚШ әскеріне қарсы «камикадзе дельфиндерді» қолдануы мүмкін

Бүгін, 15:00 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Тегеран әскери операцияларда арнайы үйретілген дельфиндерді пайдалануды қарастыруы ықтимал. Бұл туралы Arasha.kz сайты New York Post басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Басылым мәліметінше, әңгіме Ормуз бұғазы акваториясында теңіз сүтқоректілерін қолдану мүмкіндігі туралы болып отыр. Соның ішінде әскери кемелерге шабуыл жасау сценарийлері де айтылған. Алайда Иран билігі мұндай бағдарламаның бар екенін ресми түрде растаған жоқ.

Журналистердің атап өтуінше, дельфиндерді әскери мақсатта пайдалану идеясы жаңа емес. Әртүрлі елдер, соның ішінде АҚШ пен Ресей ондаған жыл бойы үйретілген теңіз жануарларын суасты барлауына, миналарды анықтауға және әскери-теңіз нысандарын қорғауға пайдаланып келеді.

Атап айтқанда, дельфиндер эхолокацияның көмегімен жарылғыш құрылғыларды тиімді таба алады, сондай-ақ диверсанттарды анықтау операцияларына қатысады. Кей жағдайларда олар порттарды қорғау жүйесінің бір бөлігі ретінде қолданылады.

Дереккөздер Иран мұндай технологияларға 2000-жылдардың басында қол жеткізген болуы мүмкін екенін айтады, алайда нақты бағдарламалар туралы мәліметтер жария етілмеген.

Осы ретте ирандық дипломаттар америкалық БАҚ-та жарияланған «жауынгер дельфиндер» туралы ақпаратқа жауап берді.

Иранның Зимбабведегі елшілігі Ормуз бұғазында «камикадзе дельфиндерді» қолдану жоспары туралы жаңалықты келеке етіп, әлеуметтік желіде тасбақа, акула, косатка, скат және тунец бейнеленген коллаж жариялаған. Оларды «жаңа айыпталушылар» деп атаған.

Елшілік өкілдері әзіл ретінде америкалық әскерилердің жуырда «дельфиннен жауап алу көрсетілімін алғанын» да жазды.

Тэгтер:

Иран АҚШ соғыс дельфин камикадзе