Ақтауда ер адам кеңсеге «қару мен гранатаға ұқсас заттармен» келген: полиция түсініктеме берді

Бүгін, 17:24 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Ақтауда бір кәсіпорын қызметкері кеңсеге қару мен гранатаға ұқсас заттармен келген, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде полиция қызметкері сөмкені тексеріп жатқан видео тарады. Кадрда ішінде мылтыққа ұқсас зат бар екені көрінеді. Бейне сипаттамасында «Интергаз Орталық Азия» АҚ қызметкері кеңсеге атыс қаруы мен гранатамен келгені айтылған.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 30 сәуір күні болған. Ақтау қаласының жедел басқару орталығына кәсіпорын аумағында гранатаға ұқсас зат ұстаған ер адам туралы хабар түскен.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетіп, тексеру жүргізген. Нәтижесінде бұл кәсіпорын қызметкері екені және оның өзімен бірге қару мен гранатаға ұқсас заттарды алып келгені анықталған.

«Тәркіленген барлық зат тексерілді. Алдын ала мәлімет бойынша, олар пиротехникалық бұйымдар мен пейнтбол қаруы болып шықты. Заңсыз айналымға тыйым салынған заттар анықталған жоқ», – деп хабарлады полиция.

Ер адамның мас күйде болғаны белгілі болды. Ол бөлімшеге жеткізіліп, есірткі заттарын медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Соның нәтижесінде түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.

Тэгтер:

полиция ақтау қару офис