Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы "Қазақстан" ұлттық арнасындағы "1001 түн" бағдарламасына қонақ болып, жеке өмірі мен отбасы тақырыбына қатысты өз пікірін бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистің айтуынша, бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет қозғалған. Дегенмен бұл жолы ол ұлдарының өзіне айтқан жүрекке әсер еткен сөздерін еске алып өтті.
"Бір жыл бұрын дастарқан басында екі ұлым: "Анашым, ертең біз өз жолымызбен кетеміз, сіз жалғыз қаласыз. Біз үшін алаңдамаңыз, егер өміріңізде өзгеріс болса, қарсы емеспіз" деді. Сол сәтте қатты таңғалдым. Ұл балалар мұндай сөзді жиі айта бермейді ғой. Бұл маған ауыр тиді", – деді ол.
Сондай-ақ тележүргізуші қазіргі өмірінде орын алып жатқан кейбір ішкі сезімдері туралы да ой бөлісті.
"Мен біреуді арнайы іздеп жүрмін немесе қатты қиналып жүрмін деп айта алмаймын. Бірақ маңызды шешім қабылдайтын сәттерде жалғыздық ерекше сезіледі. Мысалы, кіші ұлым Америкаға кеткісі келеді. Осындай кезде әкесінің "тоқта" деп айтатын сөзі жетіспейді. Ал мен ана ретінде бәрін жұмсартып жеткізуге тырысамын. Мұндайда көңілім түсіп кетеді", – деп ағынан жарылды.