Путин бункерде жасырынып жүр ме: Қауіп күшейіп, Кремльде қатаң шаралар енгізілді

Бүгін, 09:54 / Ахмет Қанатұлы
shutterstock.com

Ресейде ықтимал төңкеріс пен қастандық қаупі туралы ақпарат тарағаннан кейін президент Владимир Путиннің қауіпсіздік шаралары айтарлықтай күшейтілді. Бұл жөнінде Financial Times дереккөздер мен еуропалық барлау мәліметтеріне сүйене отырып хабарлады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәліметтерге қарағанда, Ресейдің федералды күзет қызметі соңғы айларда президенттің қауіпсіздік хаттамаларын қатаңдатқан. Ақпарат көздері Путиннің уақытын көбіне жерасты паналарында өткізетінін, сондай-ақ мемлекеттік басқару мәселелерінен алыстап, Украинадағы соғысқа көбірек көңіл бөле бастағанын айтады.

"Важные истории" басылымының жазуынша, 2026 жылдың наурыз айынан бастап Путин баратын орындардың тізімі де қысқарған. Ол Мәскеу маңы мен Валдайдағы резиденцияларына сапарларын азайтып, уақытын көбіне бункерлерде, соның ішінде Краснодар өлкесінде өткізетін көрінеді. Сонымен қатар оның баспасөз қызметі алдын ала жазылған видеоларды жариялап отыруы мүмкін деген болжам бар.

Кремльге кірушілерге қойылатын талаптар да күшейтілген. Екі деңгейлі тексеру жүйесі енгізіліп, президентке жақын қызметкерлерге интернетке қосылатын смартфон қолдануға және қоғамдық көлікпен жүруге шектеу қойылған. Бұдан бөлек, олардың үйлеріне бейнебақылау орнатылғаны айтылады.

Еуропалық барлау қызметтерінің бағалауынша, Путин ықтимал қауіптің бірі ретінде бұрынғы қорғаныс министрі Сергей Шойгуды қарастыруы мүмкін. Сарапшылар оның әскери ортадағы ықпалы әлі де жоғары екенін алға тартады.

Тэгтер:

ресей Владимир Путин