Pro режиміндегі бюджет: Ақтөбедегі мәдениет үйіне флагмандық iPhone сатып алынды

Бүгін, 11:52 / Қайсар Қалам

Қазақстанда цифрландыру ісі жүйелі жолға түсуден бұрын, сән-салтанаттың, «премиум» деңгейдің нышанына айналып бара жатқандай. Ал мұндай технологиялық «сән» кейде тіпті ең қарапайым мекемелердің өзінен табылып, күтпеген жерден таңдай қақтырады. Мәселен, Ақтөбедегі жергілікті мәдениет үйі заман көшінен қалмаудың ең сенімді жолын таңдапты: олар құны бір миллион теңгеге жуықтайтын Apple iPhone 17 Pro смартфонын сатып алған. Мәселе жай ғана «жұмыс телефоны» туралы емес, мүмкіндіктері муниципалды мекеменің күнделікті тіршілігінен гөрі, ірі продакшн-командалар мен техноблогерлерге көбірек келетін флагман туралы болып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Геолог» мемлекеттік кәсіпорны сатып алуға бастапқыда 950 мың теңге бөлуді жоспарлаған. Нәтижесінде өнім беруші - «Айдельфи» ЖК - соманы 784 444 теңгеге дейін түсірді. Формальды түрде қарасақ - үнемдеу. Бірақ, негізінде, бұл басты мәселе бағада емес екенін көрсететін сирек жағдай.

Айта кетейік, тендер еш кедергісіз, небәрі екі күн ішінде өте шыққан. Техникалық сипаттамасына қарағанда, тапсырыс беруші өзіне не керек екенін нақты білген. Бұл талаптар тізімі технология дүкенінің витринасындағы жарнама сияқты көрінеді: жоғары жиілікті дисплей, қуатты процессор, үлкен жад көлемі, 4K форматында түсіретін заманауи камера, байланыс модульдерінің толық жиынтығы және тіпті корпустың түсіне дейін (қызғылт сары) нақты көрсетілген. Шамасы, телефонды жоғалтып алғысы келмесе керек.

Осы орайда еріксіз бір қарапайым, бірақ қолайсыз сұрақ туындайды: мәдениет үйінің қандай тапсырмалары мұндай деңгейдегі құрылғыны талап етеді? Егер мәселе іс-шараларды түсіруде, әлеуметтік желі жүргізуде немесе жұмыс чаттарында болса, нарықта бағасы әлдеқайда арзан, бірақ функционалы жеткілікті шешімдер баяғыда-ақ бар.

Міне, дәл осы жерде елеусіз қалдыруға болмайтын қарама-қайшылық пайда болады. Еліміздегі мәдениет саласы жөндеуге, жабдықтарға немесе бағдарламаларға ресурс жетпейтінін үнемі айтып жүреді. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, кейде бюджет бәрібір табылады. Тек оның басымдықтары, байқап отырғанымыздай, өте… «жоғары технологиялық» болуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, бұл алғашқы жағдай емес. Бұған дейін Қарағандыда да мемлекеттік құрылымдардың смартфон сатып алуы қоғам назарын аударған болатын. Ол кезде миллион теңгеден асатын лот «негізгі құралдарды сатып алу» деген бүркеме атпен рәсімделіп, жеткізушілер арасында жергілікті кәсіпкердің аты аталған. Рәсімдер бойынша бәрі заңды болғанымен, бақылаушылар тарапынан мұндай шығындардың орындылығына қатысты дәл осындай сұрақтар туындаған еді.


 

Тэгтер:

смартфон бюджет қаржысы тапсырыс Apple iPhone 17 Pro