ІІМ «Қазцинктегі» жарылыстың себептерін атады

Бүгін, 13:12 / Қайсар Қалам
Сурет: ТЖМ

Ішкі істер министрлігі «Қазцинк» кәсіпорнындағы төтенше жағдай бойынша екі негізгі нұсқаны атады, әзірге күдіктілер жоқ, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов апатқа байланысты тергеу барысы туралы мәлімдеді. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі бойынша тіркелген. Бұл бапта ауыр зардаптарға әкелген еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу туралы айтылған. Аталған бап бойынша ең жоғары жаза сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Әділовтің айтуынша, тергеу-жедел тобы тәжірибелі мамандармен күшейтілген, сондай-ақ іс аясында оннан астам сот сараптамасы тағайындалған.

«Қазір ең бастысы – жарылысқа не себеп болғанын анықтау. Негізгі нұсқалар – технологиялық процестің бұзылуы және адам факторы, яғни еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы. Комиссия шешімі мен сот сараптамаларының қорытындылары кінәлілерді жауапкершілікке тарту бағытында тергеуге нақты бағдар береді», – деді вице-министр.

Тергеу әзірге бастапқы кезеңде, нақты күдіктілер анықталған жоқ. Оның сөзінше, қазір оқиға орнында Өнеркәсіп министрлігінің мамандары, әкімдік өкілдері және басқа да мемлекеттік органдар жұмыс істеп жатыр.