Мәжіліс жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді мақұлдады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сенат әкімдіктерге жануарларды ұстау ережелері мен санитарлық аймақтардың шекараларын ұсыну құқығын беретін норманы алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ, «қаңғыбас жануар» ұғымы нақтыланды. Енді бұл санатқа чипі жоқ емес, иесі жоқ жануарлар жатқызылады.
Сенаторлар «эвтаназия» туралы норманы толықтырды: енді ветеринар жануар ауырып, қатты қиналған жағдайда ғана оны ұйықтату туралы шешім қабылдай алады.
Заңнан жануарларды аулау, ұстау және ұйықтатудың «үлгілік» ережелері алынып тасталды. Бұрын мемлекет бірыңғай талаптар қоятын. Мысалы, жануарларды торды қолдана отырып, зиян тигізбей (ізгілікпен) аулау керек болатын және еліміздің барлық өңірлері осы ережелермен жұмыс істейтін.
Енді жергілікті органдар жануарларды қалай аулауды, оларды панажайларда қанша уақыт ұстауды және олардың санын қалай реттеуді (мысықтардан бөлек) өздері шешеді.
Депутаттар заңды Президентке қол қоюға жіберді.
Естеріңізге сала кетейік, «эвтаназия» туралы заң (қаңғыбас жануарларды өлтіру мәселесі) қоғамда үлкен резонанс тудырып, зооқорғаушылар мен көптеген азаматтардың наразылығын тудырған болатын.
Дискуссияға Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударғаннан кейін, заң жобасы түзетулермен Мәжіліске қайта қайтарылды.