Солтүстік Корея Конституциясын өзгертті: Ким Чен Ын ядролық қаруды жеке өзі пайдалана алады

Бүгін, 14:41 / Қайсар Қалам
Фото: ЦТАК

Reuters агенттігі КНДР-дің жаңа негізгі заңының жобасымен танысып, Солтүстік Кореяның Конституциясына елеулі өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Жаңа мәтіннен Оңтүстік Кореямен қайта бірігу туралы барлық ескертулер мен ұғымдар алынып тасталған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Енді КНДР аумағы «солтүстігінде Қытай Халық Республикасымен және Ресей Федерациясымен, ал оңтүстігінде Корея Республикасымен шектесетін» аймақ ретінде айқындалған. Сондай-ақ, заңның 2-бабына сәйкес, бұл аумаққа тиісті аумақтық сулар мен әуе кеңістігі де кіреді. Соған қарамастан, Оңтүстік Корея ресми түрде «қас жау мемлекет» деп көрсетілген.

Конституцияға түзетулер, шамасы, наурыз айында КНДР Жоғарғы халық жиналысының отырысында қабылданған. Бұл туралы 6 мамыр күні Оңтүстік Кореяның Бірігу министрлігінде өткен брифингте Сеул университетінің профессоры Ли Чон Чхоль мәлімдеді.

Жаңартылған Конституцияда Ким Чен Ын мемлекет басшысы Мемлекеттік кеңестің төрағасы деп аталады. Бұған дейін КНДР басшысы «жоғарғы көшбасшы» деп аталып келген болатын.

Сонымен қатар, Конституция КНДР-ді ядролық қаруы бар мемлекет ретінде сипаттайды. Мәтінде ядролық күштерге қолбасшылықты Мемлекеттік кеңес төрағасы, яғни Ким Чен Ынның жеке өзі жүзеге асыратыны нақты жазылған.
 

Тэгтер:

Солтүстік Корея конституция атом бомбасы