Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен бірігуден ресми түрде бас тартты

Бүгін, 15:28 / Ахмет Қанатұлы
depositphotos.com

Солтүстік Корея жаңартылған конституциясына елеулі өзгерістер енгізіп, аумақтық және саяси тұжырымдарын қайта қарады, деп хабарлайды Reuters.

Жаңа құжатта бұған дейін болған Оңтүстік Кореямен бірігу туралы барлық ескертулер толықтай алынып тасталған. Сәрсенбі күні жарияланған мәліметке сәйкес, елдің конституциялық ұстанымдары жаңаша сипат алған.

Солтүстік Корея өз аумағын солтүстігінде Қытай және Ресеймен, ал оңтүстігінде Оңтүстік Кореямен шектесетін жерлер, сондай-ақ оған іргелес теңіз және әуе кеңістігі ретінде нақтылап көрсеткен.

Конституцияда Оңтүстік Корея "негізгі жау ел" ретінде ресми түрде аталмағанымен, құжатта бұрынғы «бейбіт бірігу» және «ұлттық бірлік» сияқты терминдер мүлде алып тасталған. Оның орнына "екі мемлекет" ұстанымына негізделген жаңа саяси бағыт бекітілген.

Солтүстік Корея алғашқы конституциясын 1948 жылы қабылдап, кейін бірнеше рет өзгеріс енгізген. Соңғы жылдары құжатқа кезекті түзетулер жасалып, тіпті оның атауынан «социалистік» деген сөздің алынып тасталғаны да хабарланған.

Тэгтер:

Солтүстік Корея Оңтүстік Корея