Алматы полициясының мәліметінше, тек 2026 жылдың алғашқы үш айында елге 2,8 миллионға жуық адам келген. Келушілердің ең көп бөлігі Алматы қаласына тиесілі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазіргі уақытта мегаполисте 72 мыңнан астам шетелдік ресми түрде есепте тұр, олардың басым бөлігі жақын шетел азаматтары.
Полиция өкілдерінің хабарлауынша, заң бұзғаны үшін тек шетелдіктер ғана емес, жұмыс берушілер де жазаланды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан 92 компания мен кәсіпкерге айыппұл салынды. Заң бұзушылықтар көбіне дәмханалар, мейрамханалар мен автожуу орындарында анықталған.
Бұдан бөлек, Қазақстан аумағынан 741 адам шығарылды, ал құжаты жоқ тағы мыңға жуық адам жеке басын анықтау үшін арнайы қабылдау-бөлу орындарына орналастырылды.
Сондай-ақ, тіркеу ережелерін бұзған шетелдіктер тұрған пәтерлердің, хостелдердің және басқа да нысандардың жүздеген иесі жауапкершілікке тартылды.