"Итке өкпелеп, Жаңбыршин де біраз жерге барды": Жануарларға қатысты заңға нүкте қойылды

Бүгін, 17:42 / Ахмет Қанатұлы
Arasha.kz коллажы

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды Сенат ұсынған жаңа редакцияда қолдады, деп Arasha.kz тілшісі BAQ.KZ басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Депутаттардың айтуынша, Сенат заң жобасына бірқатар нақтылау сипатындағы түзетулер енгізген. Атап айтқанда, қараусыз жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімін жергілікті мәслихаттардың құзыретіне беру ұсынылған. Сондай-ақ "қараусыз жануарлар" ұғымы нақтыланып, ветеринариялық қорытынды негізінде жануарларды жансыздандыру туралы шешім қабылдау нормасы толықтырылған.

Жалпы алғанда, заңның негізгі тұжырымдамасы өзгеріссіз қалған, енгізілген түзетулер тек нақтылау сипатында. Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау жүйесі сақталады.

Дауыс беру нәтижесінде қатысқан 90 депутаттың 86-сы заңды қолдап, 2-еуі қалыс қалды, тағы 2-еуі қарсы дауыс берді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл заң қоғамда кең талқыланғанын атап өтті.

"Заңды бүгін екі палата да қабылдады. "Битке өкпелеп, тонын отқа жақты" деген сөз бар еді. Итке өкпелеп, Еділ Терекбайұлы да біраз жерге барды. Бірақ заң қабылданды. Мемлекет басшысының жануарларға жауапкершілікпен қарау жөніндегі тапсырмасы бойынша да заң жобасында қаралды. Сол себепті осының маңайындағы пікірталасты тоқтатқан дұрыс болады деп ойлаймын", – деді Қошанов.

Тэгтер:

депутат мәжіліс Ерлан Қошанов