Қарағанды облысында жолға қызыл сызық сызылды

Бүгін, 11:42 / Қайсар Қалам
Сурет: ҚазАвтоЖол

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы мен Әкімшілік полиция басқармасы бірлесіп, республикалық маңызы бар «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз» автожолының 85-86 шақырым аралығында, яғни апат жиі орын алатын қауіпті учаскесінде пилоттық жобаны жүзеге асырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Аталған бастама аясында жолдың жүру бөлігінің шетіне қызыл түсті сызық сызылды. Бұл жаңашылдық жол бөлігінің шекарасын айқын көрсетіп, әсіресе қауіп жоғары жағдайларда жүргізушілердің назарын аударуға бағытталған.

Қазіргі уақытта енгізілген шешімнің тиімділігіне мониторинг жүргізілетін болады. Оң нәтиже көрсеткен жағдайда, бұл тәжірибені республикалық маңызы бар басқа да автомобиль жолдары учаскелеріне кеңінен енгізу қарастырылмақ.