«Әділет» партиясы заң үстемдігі мен қоғамдық жауапкершілікті басты бағыт ретінде жариялады

Бүгін, 14:28 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

«Әділет» партиясының құрылтай съезінде саяси ұйымның төрағасы Айбек Дәдебай партияның негізгі ұстанымдары мен саяси бағытын таныстырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Партия жетекшісінің айтуынша, ұйым қызметі заңдылық, тәртіп және қоғам алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделеді. Ол халықтың заң үстемдігіне деген сенімі мемлекеттің басты тіректерінің бірі екенін атап өтті.

Айбек Дәдебайдың сөзінше, партияның мақсаты әділдікті тек ұран ретінде емес, қоғамдық мәдениеттің және күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саяси бағытта да заң үстемдігі мәселесіне ерекше назар аударылып келе жатқанын айтты.

Съезд барысында партияның негізгі міндеттерінің бірі ретінде мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді күшейту, ашық диалог орнату және жауапты саяси мәдениет қалыптастыру мәселелері аталды.

Партия төрағасы ұйым құрамына ел дамуына үлес қосуға дайын, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары азаматтар бірігетінін жеткізді. Оның айтуынша, партия жұмысы ашықтық пен қоғам алдында есеп беру қағидаттарына сүйеніп жүргізіледі.

Сөз соңында Айбек Дәдебай құрылтай съезіне қатысушыларға алғыс айтып, партияның алдағы жұмысына табыс тіледі.