Елордада 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара кезінде оқыс оқиға орын алды. Әлеуметтік желілерде алаңға шығарылған «Алан» брондалған дөңгелекті машинасының түтіндеп тұрған видеосы тарап, жұртшылық арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Куәгерлердің түсірген кадрларынан машинаның қозғалтқыш бөлігінен қою түтін шыққанын көруге болады.
Ақау шыққан техниканың видеосын жариялаған журналист Амангелді Құрметұлы 2014 жылы Мәскеудің Қызыл алаңында жүрмей қалған Т-14 "Армата" танкісін еске алды.
"2014 жылы Мәскеудің Қызыл алаңында жүрмей қалған Т-14 "Армата" танкіне күліп едік. Біздегісі мынау. Қазақстанда құрастырылған "Алан" ғой. Мерекеде елге көрсету үшін шығарарда тексеріп, қарап алуға болмас па еді, қызық өздері", - деп жазды ол.
«Алан» қазақстандық «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» кәсіпорнында құрастырылатын брондалған дөңгелекті машина. Ол жеке құрамды тасымалдауға, патрульдеуге және арнайы операциялар жүргізуге арналған. Бұл техника бұған дейін сенімділігімен ерекшеленіп келген болатын, сондықтан мереке кезіндегі бұл ақау көпшіліктің таңданысын тудырды.