Қытайдан Қазақстанға 600 млн теңгенің техникасы заңсыз әкелінген

Бүгін, 16:23 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Қаржылық мониторинг агенттігі Астанада экологиялық талаптарға сай келмейтін жүк техникасын заңсыз әкелу дерегі бойынша тергеуді аяқтағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Тергеу мәліметтері бойынша, бір топ адам өз бақылауындағы ЖШС-лер арқылы Қазақстан аумағына экологиялық класы «Евро-2» болатын FAW маркалы жүк көліктерін заңсыз импорттауды ұйымдастырған. Импорт «Евро-4» стандартынан төмен техниканы әкелуге салынған тыйымға қарамастан жүзеге асырылған», – делінген жұма күнгі хабарламада.

ҚМА мәліметінше, техника Қытайдан сыртқы экономикалық келісімшарттар бойынша әкелінген, ал кедендік ресімдеу кезінде жалған мәліметтер пайдаланылған.

Ведомствоның нақтылауынша, көлік құралдарының конструкциялық қауіпсіздігі туралы жалған куәліктер ресімделіп, онда экологиялық класс «Евро-5» деп көрсетілген.

«Нәтижесінде Қазақстан Республикасының аумағына 20 бірлік арнайы техника заңсыз әкелінді. Жалпы кедендік құны 284 млн теңгеден астам соманы құрады», – деп хабарлады агенттік.

Атап өтілгендей, кейіннен техника үлестес компаниялар арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында 600 млн теңгеден астам сомаға жеткізілген.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, соның ішінде тоғыз автокөлік пен бір пәтерге арест қойылды.

«Күдіктілердің бірі қамауға алынды, оның екі сыбайласы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды», – делінген ақпаратта.

ҚМА «Евро-2» экологиялық класындағы көліктерді әкелу қоршаған ортаға зиян келтіріп, ауаның ластану деңгейін арттыратынын атап өтті.

Тэгтер:

Қытай көлік ҚМА техника