Әзербайжан Ресейден «Бірінші арнадағы» арандатуға байланысты түсініктеме талап етті

Бүгін, 17:02 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің мемлекеттік «Бірінші арнасында» көрсетілген бағдарламаға байланысты Мәскеуден ресми түсініктеме талап етті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әзербайжан СІМ баспасөз хатшысы Айхан Гаджизаде «Время покажет» бағдарламасында Әзербайжан картасының бұрмаланған нұсқасы көрсетіліп, онда шындыққа жанаспайтын «Таулы Қарабақ» атауы қолданылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл  елеулі арандату және саяси манипуляция.

Министрлік өкілі Әзербайжанның егемендігі мен аумақтық тұтастығы толық қалпына келтірілгенін атап өтті. Ол бұл шындықты халықаралық қауымдастық, соның ішінде Ресей де мойындағанын еске салды.

«Ресей тарапы Әзербайжанның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін бірнеше рет мәлімдегеніне қарамастан, мемлекеттік телеарнада ескірген әрі сепаратизмді насихаттайтын нарративтердің таралуы екі ел арасындағы өзара құрмет пен көршілік қатынастар рухына қайшы келеді», - деді Айхан Гаджизаде.

Сондай-ақ ол мемлекеттік медиаресурстардың жауапсыз әрі біржақты ұстанымына жол беруге болмайтынын айтты. Әзербайжан тарапы Ресейден бұл жағдайға нақты түсініктеме беріп, мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін қажетті шара қабылдауды күтетінін жеткізді.

Тэгтер:

ресей Әзербайжан арандату