Франция елшілігі қазақ жауынгерлерінің рухына құрмет көрсетті

Бүгін, 10:48 / Қайсар Қалам
Сурет: Қорғаныс министрлігі

Астанадағы Шарль де Голль ескерткіші алдында Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары Францияда партизан отрядтарының құрамында шайқасқан жауынгерлердің рухына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен екі елдің тарихи мұрасына құрмет белгісі ретінде Бас штаб бастығы - ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Қуанышбек Үштаев пен Францияның Қазақстандағы елшісі Сильвиан Гиоге Франция халқының тәуелсіздігі мен ұлттық бірлігінің символына айналған Шарль де Голль ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

– Соғыс жылдары миллиондаған адам тағдыры сынға түсті. Отқа оранған майдан даласында француздармен бірге жауға қарсы жан алып, жан беріскен шайқаста жеңіске жетуге партизандардың қосқан үлесі зор болды. Бүгінгі марапаттау рәсімі тек өткенге тағзым ғана емес, батырларымыздың ерлігін ұлықтау. Жауынгерлеріміздің есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады, – деді генерал-майор Қуанышбек Үштаев.

Қанды қырғында 300-ден астам отандасымыз Францияның Тулуза қаласы мен оның маңын азат етуге белсене қатысқан.

Бүгін сол жауынгерлердің бесеуі, яғни Ахмет Бектаев, Бектемір Байжанов, Нұранбай Баймұратов, Өтеуәли Бейсенғалиев, Ахмет Субаловтың балалары мен немерелерін Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильвиан Гиоге Француз Республикасының Қарулы күштер және ардагерлер министрі Катрин Вотреннің атынан 1939-1945 жылғы Екінші дүниежүзілік соғыста Францияны азат етуге шайқасқаны үшін «Азат ету» медалімен марапаттады.

 – Үш жүзден астам қазақстандық Франция жерінде француздармен бірге, қатарласа, елімізді азат ету жолында шайқасты. Осылайша, олар өз Отанына мыңдаған шақырым жерде, ортақ жауға қарсы бірігіп, қиындықтарды бастан кешіріп, қан төгіп, тіпті жандарын пида етті. Кезінде генерал де Голль оларға  құрмет көрсетті, ал бүгінгі Франция мұны ұмытпайды, – делінген Франция Қарулы күштері және ардагерлер министрі Катрин Вотреннің сөзінде.

Партизан жауынгерлердің балалары мен немерелері ерекше толқып, алғыстарын білдірді. Ұрпақтары бұл Жеңістің 81 жылдығында ерекше сый болғанын айтады.

– Бүгінгі толқынысымыз ерекше. Әкеміздің ерлігі ұлықталып жатыр. Өте ризамыз, көзімізге жас келіп тұр. Батырлар рухына құрмет көрсетіп жатқан Францияға, еліміздің Қорғаныс министрлігіне алғысымыз шексіз, – деді партизан жауынгер Бектемір Байжановтың ұлы Сырлыбай Бектеміров.

Іс-шара соңында марапаттау рәсіміне қатысқан ардагерлер мен қонақтар естелік суретке түсті.

Тэгтер:

Франция елшілігі қазақ жауынгері құрмет партизан отряды