"Казцинк": миллиардтаған табыс, экологиялық дау және адам өмірі

Бүгін, 12:27 / Ахмет Қанатұлы
видеодан скриншот

5 мамыр күні Өскемендегі "Казцинк" кәсіпорнында болған жарылыс Шығыс Қазақстандағы өндірістік қауіпсіздік мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Reuters агенттігінің мәліметінше, апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бірнеше жұмысшы ауыр жарақат алған. Кейін Қазақстан ІІМ Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі бойынша – "еңбекті қорғау ережелерін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның қаза болуы" дерегімен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Тергеу бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтың айтуынша, тергеу барысында технологиялық процестің бұзылуы, адам факторы және еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы негізгі себеп ретінде қарастырылып жатыр. Қазір оннан астам сараптама тағайындалған.

Бұл жағдай қоғам назарын бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселелерге қайта бұрды. Себебі биыл наурыз айында "Казцинк" кәсіпорны зиянды заттар шығарындыларының шамадан тыс көп болғаны үшін шамамен 20 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалаған еді. Экологтар компанияға заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама да берген.

Қаза тапқандар мен ауыр жараланғандар

Жарылыс салдарынан қаза тапқандардың бірі – Ержан Камалиев. Ол 7 мамыр күні жерленді. Марқұмның артында үш баласы қалды. Екінші қаза тапқан азамат – екі қыздың әкесі Олжас Рамазанов.

Апаттан кейін бес адам дәрігер көмегіне жүгінген. Олардың екеуінің жағдайы ауыр деп бағалануда.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1980 жылы туған Фарафонов есімді науқастың денесінің 90 пайызы күйіп қалған. Дәрігерлер оның ауыр жағдайда екенін, бірақ есін білетінін хабарлады.

Өскеменге арнайы Астанадан Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының мамандары – реаниматологтар мен күйік дәрігерлері жеткізілген. Зардап шеккендердің бірін санитарлық авиациямен елордаға тасымалдау мәселесі қарастырылып жатыр.

Миллиардтаған табыс пен экологиялық сын

Қайғылы оқиға аясында компанияның қаржылық көрсеткіштері де қоғам талқысына түсті.

Glencore компаниясының 2025 жылғы есебіне сәйкес, Kazzinc кәсіпорны 5,1 миллиард доллар табыс тауып, EBITDA көрсеткіші 1,6 миллиард долларға жеткен. Компания акцияларының 69,7 пайызы халықаралық Glencore корпорациясына тиесілі.

"Казцинк" Қазақстандағы ең ірі мырыш, қорғасын, мыс және бағалы металл өндірушілердің бірі саналады. Алайда компания экологиялық мәселелерге байланысты жиі сынға ұшырап келеді.

Бұған дейін Риддер мен Алтай қалаларындағы кәсіпорын нысандарында да шаң басу жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі мен экологиялық талаптардың бұзылуына қатысты шағымдар тіркелген.

Жүйелі мәселе ме, әлде кездейсоқ апат па?

Қазір тергеу нақты кінәлілерді атаған жоқ. Алайда қоғамда бұл оқиға кездейсоқ жағдай емес, өндірістегі жүйелі проблемалардың салдары болуы мүмкін деген пікір күшейіп келеді.

Шығыс Қазақстан тұрғындары өндіріс орындарының түтініне үйреніп кеткенімен, адам өміріне қауіп төндіретін жағдайларға бейжай қарауға болмайтыны айтылуда.

Қоғам енді тек ресми мәлімдемелерді емес, нақты қорытынды, ашық тергеу және жауапты тұлғалардың жазалануын күтеді.

Тэгтер:

Казцинк