Израильдің Ливан аумағына жасаған бірқатар соққыларынан кем дегенде 39 адам қаза тапты, деп хабарлады Ливан билігі. Бұған жауап ретінде «Хезболла» радикалды шииттік тобы Израильдің солтүстігіне және Ливанның оңтүстігіндегі Израиль әскерлеріне зымырандар мен дрондармен шабуыл жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Израиль әуе соққыларының басым бөлігі Ливанның оңтүстігіне бағытталған. Израиль әскерилері бұл соққылар Иран қолдайтын қарулы топтың инфрақұрылымы мен оған қатысы бар адамдарға қарсы жасалғанын алға тартуда.
АҚШ президенті Дональд Трамп 16 сәуірде Израиль мен Ливан үкіметтері арасында атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылғанын жариялағаннан бері де қос тарап соққы алмасуын тоқтатар емес.
Уағдаластыққа қарамастан, Израиль мен «Хезболла» бір-бірін бітім шарттарын бұзды деп айыптап, қақтығысты жалғастырып келеді.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ең жойқын шабуылдардың бірі елдің оңтүстігіндегі Сайда қаласына жақын орналасқан Айн-эд-Дельб ауданында болған. Онда тұрғын үйлер қирап, ондаған адам үйінді астында қалды.
Жергілікті биліктің нақтылауынша, Израиль мен «Хезболла» арасындағы әскери шиеленіс басталғалы бері Ливанда 2 795 адам қаза тапқан.
«Хезболла» бұған жауап ретінде Израильдің солтүстігіне дронмен соққы берді. Израиль әскерилері шабуыл салдарынан үш сарбаздың жараланғанын хабарлады.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, соңғы бір аптаның ішінде Израильдің бүкіл ел аумағындағы шабуылдарынан 120-дан астам адам қаза тапқан, олардың ішінде әйелдер мен балалар да бар. Ведомство қаза болғандарды бейбіт тұрғындар немесе содырлар деп бөліп көрсетпеген.