Латвияның қорғаныс министрі Андрис Спрудс Украина қарулы күштері Ресей аумағындағы нысандарға шабуыл жасау үшін пайдаланған екі украиналық дронның ел әуе кеңістігіне енуіне байланысты қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы Латвияның қоғамдық хабар таратушысы LSM хабарлады. Басылымның мәліметінше, ел премьер-министрі Эвика Силиня Спрудстан отставкаға кетуді талап еткен. Оның айтуынша, министр «өзінің де, қоғамның да сенімінен айырылған».
Силиня X әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде: «Осы аптадағы дрондар оқиғасы қорғаныс саласының саяси басшылығы еліміздің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәдесін орындай алмағанын анық көрсетті», - деді.
Ал Андрис Спрудс жексенбі кешіндегі баспасөз мәслихатында: «Латвия армиясының саяси науқанға тартылуына жол бермеу үшін қорғаныс министрі қызметінен кету туралы шешім қабылдадым», — деп мәлімдеді.
Спрудс Латвия коалициялық үкіметінде солшыл-центристік Прогрессивные партиясының өкілі болған. Ал премьер-министр Силиня оңшыл-центристік Новое единство қозғалысын басқарады.
LSM мәліметінше, келесі аптада «Прогрессивные» партиясы мен оның Сеймдегі фракциясы коалициялық үкімет құрамында қалу-қалмау мәселесін талқылайды.
7 мамырға қараған түні Латвия аумағына екі украиналық дрон ұшып кіріп, Резекне қаласындағы мұнай қоймасы аумағына құлаған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер болмаған.