Жангелдиндегі қанды оқиға: басты күдікті төрт адамды өлтіргенін мойындады

Бүгін, 10:21 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Жангелдин ауылындағы бір отбасының өліміне байланысты қоғамда резонанс тудырған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Ақжайық" басылымының мәліметінше, негізгі айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев қылмыстық іс материалдарымен танысып, төрт адамның өліміне қатысты кінәсін мойындаған.

Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы – "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру" бойынша айып тағылып отыр.

Сонымен қатар тергеу барысында ҚК-нің 188-бабы ("Ұрлық") және 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша да қосымша істер қозғалған. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті қаза тапқан отбасының малын сатып, банк карталарындағы ақшалай қаражатты иемденген болуы мүмкін.

"Барлық тергеу амалдары толық аяқталды. Іс жақын күндері сотқа жолданады. Сот процесі мамыр айында басталады", – деп хабарлады дереккөз.

Бұған дейін Атырау облысының прокуратурасы психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес Сұлтан Сәрсемалиевтің есі дұрыс деп танылғанын мәлімдеген болатын.

Тэгтер:

Атырау облысы жоғалған отбасы