КХДР енді Ким Чен Ынның бұйрығынсыз да ядролық қаруды қолдана алады

Бүгін, 11:51 / Ахмет Қанатұлы
ОТАК

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын әрекетке қабілетсіз болған жағдайда да елдің ядролық қару қолдануына мүмкіндік беретін норма конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметі парламентке жасаған баяндамасында мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz тілшісі Korea JoongAng Daily басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Барлау мәліметінше, КХДР наурыз айында конституциясына өзгерістер енгізіп, ядролық қаруды пайдалану шарттары мен өкілеттіктерін алғаш рет нақты көрсеткен.

Атап айтқанда, құжатта Ким Чен Ынға қарсы "басшылықты жоюға бағытталған соққы" жасалған жағдайда әрекет ету тәртібі де қарастырылған.

КХДР Конституциясының 89-бабында ядролық күштерді басқару құқығы Мемлекеттік кеңес төрағасына тиесілі екені жазылған. Бұл қызметті қазіргі таңда Ким Чен Ын атқарады.

Сонымен қатар құжатта мемлекет басшысы ядролық қаруды қолдану өкілеттігін арнайы ядролық қолбасшылық органына бере алатыны көрсетілген.

Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс ел басшысы әрекет ете алмай қалған жағдайда да ядролық жауап қайтару механизмін заңдастыру мақсатында енгізілген.

Бұдан бөлек, конституцияда ядролық күштерді басқару жүйесіне қарсы шабуыл жасалған жағдайда ядролық соққы автоматты түрде әрі дереу жасалуы мүмкін екені де айтылған.

Тэгтер:

Ким Чен Ын КХДР