Иранның жоғарғы жетекшісі екі айдан бері жұрт алдына шықпаған

Бүгін, 13:32 / Қайсар Қалам
Сурет: Tasnim News Agency

Иранның жоғарғы жетекшісі Моджтаба Хаменеи екі айдан астам уақыттан бері көпшілік алдына шықпаған. Бұл жағдай Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздерді қиындатып отыр деп жазады The Wall Street Journal.

Басылым мәліметінше, Хаменеи ақпан айының соңында жасалған әуе соққысы кезінде ауыр жарақат алған. Сол шабуылда оның әкесі Али Хаменеи, сондай-ақ жұбайы мен ұлы қаза тапқан.

Содан бері Иран билігі Моджтаба Хаменеидің қатысуымен ешқандай видео немесе аудиожазба жарияламаған. Мемлекеттік БАҚ тек оның жазбаша мәлімдемелерін таратып келеді.

WSJ дерегінше, Иран билігінің ішінде АҚШ-пен жүргізіліп жатқан келіссөздерге қатысты пікірталас күшейген. Әсіресе радикалды топтар Вашингтонмен байланыс орнатуға қатысып жүрген саясаткерлерге наразылық танытуда. Ал жоғарғы жетекшінің көпшілікке көрінбеуі ел ішіндегі саяси қайшылықтарды одан әрі ушықтырған.

Тэгтер:

Иран Тегеран Моджтаба Хаменеи