Түркияның Анталья қаласында жол апаты салдарынан 27 жастағы Қазақстан азаматы Құбат Аманбеков қаза тапты. Ол Серик ауданындағы бес жұлдызды қонақүйлердің бірінде бармен болып жұмыс істеген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы оқиға түнгі уақытта Белек курорттық ауданындағы Барыш көшесінде болған, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, 43 жастағы жүргізуші тізгіндеген коммерциялық такси қазақстандық мінген велосипедпен соқтығысқан. Соққыдан жас жігіт жолға ұшып түскен.
Оқиға куәгерлері жедел жәрдем мен полиция шақырған. Алайда оқиға орнына жеткен дәрігерлер Құбат Аманбековтің көз жұмғанын анықтаған.
Марқұмның денесі тексеруден кейін Серик мемлекеттік ауруханасының мәйітханасына жеткізілді. Такси жүргізушісі ұсталып, жауап алу үшін полиция бөліміне жеткізілген.
Қазір түрік полициясы апаттың мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу аясында жылдамдықты асыру және өзге де жол ережелерін бұзу деректері тексерілуде.