Ливандағы қақтығыс ушығып барады: Израиль шабуылдарынан 39 адам қаза тапты

Бүгін, 16:04 / Ахмет Қанатұлы
Reuters.com

Ливан билігінің мәліметінше, Израиль армиясының ел аумағына жасаған кезекті әуе шабуылдары салдарынан кемінде 39 адам қаза тапқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұған жауап ретінде "Хезболла" қозғалысы Израильдің солтүстігі мен Ливанның оңтүстігіндегі израильдік әскери нысандарға зымырандар және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасаған.

BBC таратқан ақпаратқа сәйкес, Израиль авиациясының негізгі шабуылдары Ливанның оңтүстік өңірлеріне бағытталған. Израиль тарапы Иран қолдайтын қарулы топтың инфрақұрылымы мен оған қатысы бар адамдар нысанаға алынғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп 16 сәуірде Израиль мен Ливан арасында атысты тоқтату жөніндегі келісім жасалғанын хабарлаған болатын. Алайда соған қарамастан, екі тарап бір-бірін бітім шартын бұзды деп айыптап, шабуылдарды жалғастырып келеді.

Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ең ауыр шабуылдардың бірі Сайда қаласына жақын орналасқан Айн-эд-Дельб ауданында болған. Әуе соққылары салдарынан тұрғын үйлер қирап, ондаған адам үйінді астында қалған.

Ресми деректер бойынша, Израиль мен "Хезболла" арасындағы қақтығыс басталғалы бері Ливанда 2795 адам көз жұмған.

Өз кезегінде "Хезболла" Израиль аумағына дрондармен шабуыл жасаған. Израиль әскері бұл шабуыл кезінде үш сарбаздың жараланғанын мәлімдеді.

Ливан Денсаулық сақтау министрлігі соңғы бір апта ішінде Израиль шабуылдарының салдарынан ел бойынша 120-дан астам адамның, оның ішінде әйелдер мен балалардың қаза тапқанын хабарлады.

Тэгтер:

АҚШ Израиль Ливан