Француз дәрігерлері MV Hondius круиздік кемесінен эвакуацияланған ел азаматынан хантавирус анықталғанын растады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы Францияның денсаулық сақтау министрі Стефани Рист France Inter радиостанциясының эфирінде мәлімдеді.
«Хантавирусқа жасалған талдаулар оң нәтиже көрсетті», - деді министр.
Оның айтуынша, вирус белгілері байқалған әйел бірнеше француз азаматымен бірге аталған кемеде болған. 10 мамырда Францияға ұшақпен жеткізілгеннен кейін оның жағдайы күрт нашарлаған.
Қазір науқас инфекциялық ауруларға мамандандырылған ауруханада ем қабылдап жатыр. Министрдің сөзінше, вирус таралуының алдын алу үшін арнайы қорғаныс шаралары енгізілген.
Сондай-ақ Франция билігі вирус жұқтырғандармен байланыста болған 22 адамды анықтаған.
Бұған дейін Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню ел тұрғындарын хантавирустан қорғау үшін тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеген болатын.