Пашинян Астанада өтетін ЕАЭО саммитіне келмейтін болды

Бүгін, 09:00 / Қайсар Қалам
Сурет: Reuters

Армения премьер-министрі Никол Пашинян сайлауалды науқанға байланысты 28-29 мамырда Астанада өтетін ЕАЭО саммитіне бармайтынын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz сайты РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

«Армения атынан вице-премьер Мгер Григорян қатысады», — деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Премьердің сөзінше, ол бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты құлағдар еткен. Сондай-ақ, 1 сәуірде Мәскеуге жасаған сапары кезінде Владимир Путинге де хабарлаған.

Пашинян егер Армения ЕАЭО құрамынан шығатын болса, мұны кенеттен емес, жоспарлы түрде жүзеге асыратынын және бұл мәселе бойынша референдум өткізудің қажеті болмайтынын қадап айтты.

«Егер біз ЕАЭО-дан шығатын болсақ, мұны кенеттен емес, алдын ала жоспарлап жасаймыз. Байқағандарыңыздай, біз қандай да бір істі ойламаған жерден істеуге ниетті емеспіз», — деді Пашинян.

Оның айтуынша, дәл қазір армян тарапының күн тәртібінде ЕАЭО мен Еуроодақ арасында таңдау жасау мәселесі тұрған жоқ.

«Армения мемлекетаралық қатынастарда тиісті логиканы басшылыққа алады. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың басқа елдермен тең құқылы толыққанды мүшесіміз. Одаққа мүше болып тұрған уақытымызда барлық шешімдерді қабылдауға толықтай қатысамыз», — деп мәлімдеді Пашинян.

Ол сондай-ақ бұл мәселелерге қатысты референдум тек объективті қажеттілік туындағанда ғана өткізілетінін айтты.

«Менің пайымдауымша, қазір мұндай объективті қажеттілік жоқ. Біз ЕАЭО-дағы серіктестерімізді және осы ұйымға мүшелігімізді терең құрметтейміз... Біз теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырмыз, оның негізгі қағидаттарының бірі — өзара мүдделерді тану мен құрметке негізделген қарым-қатынас», — деді Пашинян.

Тэгтер:

ЕАЭО Пашинян саммит