Шымкентте білім беру саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Arasha.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
«Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,3 млрд теңгеден асты. Айта кетерлігі, қылмыстық схеманы ұйымдастырушы әйел соңғы үш жыл бойы бұрынғы жымқыру дерегі үшін түрмеде отырып, заңсыз әрекеттерді сол жерден басқарып келген», – делінген хабарламада.
ҚМА мәліметінше, 2018-2023 жылдар аралығында «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС мен «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржылық колледжі» ЖШС құрылтайшысы жалған оқытудың тұрақты схемасын құрған.
Қылмысқа колледж басшылары, бухгалтерлер және басқа де аффилирленген тұлғалар сыбайлас ретінде тартылған. Азаматтар оқу орындарына ресми түрде тіркелгенімен, іс жүзінде оқымаған. Бұл мемлекеттік білім беру тапсырысы мен мамандарды қайта даярлау бағдарламалары аясында қаржы алып отыруға мүмкіндік берген.
Агенттік нақтылағандай, бұл схема оқуға қабылдау және жұмысқа орналастыру туралы жалған бұйрықтар шығару, құжаттарды растау үшін электрондық цифрлық қолтаңбаларды пайдалану, сондай-ақ атқарылған жұмыстардың номиналды актілерін жасау арқылы жүзеге асырылған.
Бұдан бөлек, медициналық колледжде ақылы бөлімде оқитын студенттердің бір бөлігі мемлекет есебінен оқып жатқандар ретінде рәсімделген. Сондай-ақ, «Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржылық колледжі» іс жүзінде жұмыс істемегені және тек бюджеттен қаржы алу үшін формальды құрылым ретінде пайдаланылғаны анықталды.
Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу барысында күдіктілердің 65 млн теңгені өз еркімен қайтарғанын хабарлады.
Сот санкциясымен үш пәтерге (оның ішінде Дубайдағы пәтер бар), үш тұрғын үйге және үш автокөлікке арест қойылды.
Ведомство ақпаратына сәйкес, екі күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалса, үшеуіне қатысты «ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау» туралы қолхат алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.