Алматыда Zeekr көлігі қатысқан резонансты жол апатына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тергеудің аяқталғанын зардап шеккен тараптың адвокаты Олег Чернов мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ауыр жол-көлік оқиғасы болып, үш адам қаза тапқан еді. Таратылған ақпараттарға қарағанда, қайғылы оқиғаға дейін жарыс ұйымдастырылған болуы мүмкін, оған кәсіпкердің де қатысы бар деген деректер айтылған. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Резонанстан кейін, 26 наурыз күні полиция түнгі көше жарыстарына қарсы күресті күшейтетінін мәлімдеді. Сол күні Мәжіліс депутаты Мурат Әбенов Алматыдағы өлімге әкелген жарысқа белгілі бір жоғары лауазымды полицейдің қатысы болуы мүмкін деген күдігін айтып, оны бейнежазбамен негіздеген. Осыдан кейін Алматы полициясында қызметтік тексеріс басталды. Кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірқатар басшылардың қызметінен босатылғанын хабарлады.