Алматы облысында оқушы мектептің ішінде мұғалімді ұрып-соққан

Бүгін, 14:54 / Ахмет Қанатұлы
видеодан скриншот

Алматы облысы Қарасай ауданындағы мектептердің бірінде оқушы мен мұғалім арасында болған жанжалдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Оқиғаға қатысты облыс әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Желіде жарияланған кадрларда оқушының мектеп аумағында мұғалімге күш қолданғаны көрінеді.

Әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенсек, жанжал кезекші мұғалім жоғары сынып оқушысына сабақ уақытында мектептен шығуға рұқсат бермегеннен кейін басталған. Авторлардың айтуынша, төбелес салдарынан педагог ауыр жарақат алған.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, оқиға 2026 жылдың қаңтарында "Жаңа қазақ" орта мектебінде болған. Видеодағы жасөспірім – 11-сынып оқушысы.

"Алдын ала дерек бойынша, мұғалім оқушыға ескерту жасап, сабаққа қатысуын талап еткен. Алайда оқушы бұл талапты агрессиямен қабылдап, педагогке қатысты құқыққа қайшы, соның ішінде бұзақылық сипаттағы әрекеттер жасаған", – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Өңір әкімдігі қазіргі уақытта полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Тергеу аяқталғаннан кейін оқушының әрекетіне заң аясында құқықтық баға беріледі.

Алматы облыстық полициясы аталған дерек бойынша оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Дегенмен істің нақты қай бап бойынша тергеліп жатқаны әзірге жарияланған жоқ.

Тэгтер:

алматы мектеп