Семейлік тергеуші 9 жыл бұрын Ресейде жасалған қылмысты әшкереледі

Бүгін, 17:56 / Ахмет Қанатұлы
Абай облысы ПД

Абай облысы полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Ажар Сартова 2015 жылы Ресейде жасалған резонансты кісі өлтіру және қарақшылық шабуыл ісі бойынша тергеуді аяқтады. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қылмысты төрт адамнан құралған топ жасаған. Олар қымбат көлік сатып алмақ болған сыңай танытып, көлік иесімен кездесуді ұйымдастырған.

Полиция мәліметінше, қаскөйлер ер адамға шабуыл жасап, оған пышақ жарақатын салған. Кейін қылмыстың ізін жасырып, ойларын соңына дейін жеткізу үшін оны автокөлікпен басып өткен. Жәбірленуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Қылмыс жасағаннан кейін шабуылдаушылар көлікті иемденіп, ізін суытқан.

Арада көп уақыт өтсе де, қылмыстық топтың барлық қатысушысын анықтау жұмыстары тоқтамаған. Тергеу Ресейдің құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жүргізілген.

"Тергеуші Ажар Сартова үлкен әрі мұқият жұмыс атқарды. Куәлар мен қылмыстық іс фигуранттары сұралды, сыбайластар арасындағы хат алмасу материалдары зерттелді, бейнебақылау камераларының жазбалары тексерілді, көптеген халықаралық және ведомствоаралық сұрау жолданды, қосымша дәлелдер жиналып, қылмыстың толық көрінісі қалпына келтірілді. Тергеудің жүйелі әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде әділдіктен қашып жүрген қылмыстық топтың соңғы мүшесінің жүрген жері анықталды. Күдікті халықаралық іздеуге жарияланып, 2024 жылы Алматыда полиция қызметкерлерімен ұсталды", – деп хабарлады департамент өкілдері.

Бұған дейін қылмысқа қатысқан үш адам сотталған. Олардың бірі – Барнаул қаласының сотымен, ал қалған екеуі Шығыс Қазақстан облысының сотымен жазаға тартылған.

Соңғы фигурантқа қатысты қылмыстық іс аяқталып, Абай облысының сотына жолданды. Сот оны кісі өлтіру және қарақшылық шабуыл жасау бойынша кінәлі деп танып, 17 жылға бас бостандығынан айырды.

Тэгтер:

қылмыс ресей