Полиция баланы зорлады деген продюсерге қатысты тексерісті бастады

Бүгін, 09:00 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Қазақстандық Нұрғали Нұғман «Balapan» телеарнасының «продюсерін» педофилия бойынша айыптаған соң, құзырлы органдар тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Әлеуметтік желілерде жарияланған кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері болуы мүмкін деген бейнеүндеу дерегі бойынша материал белгіленген тәртіппен тіркелді. Қазіргі уақытта процессуалдық тексеру басталып, жарияланымда айтылған барлық жағдайларды, сондай-ақ оқиғаның ықтимал қатысушылары мен куәгерлерін анықтауға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Мұндай мәлімдемелер, әсіресе балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі құқықтық бағасыз қалмайды және ерекше бақылауда болады. Егер айтылған деректер расталса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады. Полиция тексерудің жан-жақтылығын, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз етеді», - деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Видеодағы ер адам бала кезінде, актерлік жолының басында өзі «көке» деп атайтын ер адам тарапынан зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді. Нұғманның айтуынша, оқиғадан кейін әлгі адам «егер бұл туралы ата-анаңа немесе айналаңа айтсаң, кино индустриясына жолыңды жабамын» деп қорқытқан.

Телеарна да бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«Balapan» телеарнасы әлеуметтік желілерде тараған Нұрғали Нұғман есімді азаматтың мәлімдемесіне байланысты мынаны хабарлайды: аталған азамат 2010 жылғы 27 қыркүйекте ашылған «Balapan» телеарнасының штатында «продюсер» қызметін атқармаған. Кейінірек желі қолданушысы бұған дейін айтқан мәліметтерінің «Balapan» телеарнасына емес, коммерциялық жобаға қатысты екенін нақтылады. Сондай-ақ ол жаңа видео жариялап, телеарна ұжымынан кешірім сұрады», - делінген арнаның әлеуметтік желідегі ресми мәлімдемесінде.
 

Тэгтер:

полиция бала тергеу зорлық балапан арнасы продюсер