Прокуратура Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық істі тоқтатты

Бүгін, 11:56 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Атырау облысының прокуратурасы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық қудалаудың тоқтатылғанын  мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қадағалау органының мәліметінше, Ақбаян ата-анасы, бауыры мен әпкесінің өліміне қатысы жоқ.

Алайда оған қатысты тергеу толық тоқтатылған жоқ. Қазір қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс қаралып жатыр. Әйелдің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беру үшін тергеу Алматыда өтіп жатқан психиатриялық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.

Қаза тапқан отбасының туыстары Ақбаян болған қайғылы жағдайдан бейхабар болуы мүмкін екенін айтып, оның балаларымен бірге үйге оралуын күтетіндерін жеткізді.

Қазір оның бес баласы мемлекет қамқорлығына алынған.

Іс бойынша басты айыпталушы — Ақбаянның күйеуі Сұлтан Сарсемалиев. Қайғылы оқиғадан кейін оны Атырауда «Жангелдин шайтаны» деп атап кеткен.

Резонанс тудырған іс бойынша сот отырысы 18 мамырда Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында басталады.

Сот процесіне көп адамның келуі күтілуде. Өйткені соңғы айларда өңірде ең көп талқыланған есімдердің біріне айналған адамды жұртшылық өз көзімен көргісі келеді.

Істі судья Зарема Хамидуллина қарайды.