Қазақстандықтардың нақты жалақысы төмендеді

Бүгін, 17:14 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың І тоқсанында қазақстандықтардың нақты жалақысы 2025 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 2,3%-ға төмендеген, деп хабарлайды Arasha.kz.

«2026 жылдың І тоқсанында Қазақстан Республикасы бойынша орташа айлық номиналды жалақы 461 486 теңгені құрады. Номиналды жалақы индексі өткен жылдың тиісті тоқсанына қарағанда 109,1%-ды, ал нақты мәнде – 97,7%-ды құрады. 2026 жылдың І тоқсанындағы жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 331 527 теңге болды», - делінген сәрсенбіде таралған хабарламада.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең көп өсімі ауыл, орман және балық шаруашылығында – 20,3%, қаржы және сақтандыру қызметінде – 18,1%, сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау және өңдеу саласында – 16,5%, электр энергиясымен, газбен және бумен қамтамасыз етуде – 14,7%, көлік және қоймалау саласында – 12,9% және өнеркәсіпте – 11,6% тіркелді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында жалақы 7%-ға, білім беру саласында 4,2%-ға өскен.

«Өңірлік бөліністе 2026 жылдың І тоқсанында номиналды жалақының ең жоғары өсімі Абай облысында – 14,2%, Павлодар облысында – 12,4%, Жетісу облысында – 12,2%, Алматы облысында – 10,9% және Алматы қаласында – 10,7% байқалды», - делінген хабарламада.

Тэгтер:

статистика жалақы экономика