Чехияда шіркеуден 800 жылдық бас сүйегі ұрланды

Бүгін, 10:12 / Ахмет Қанатұлы
Reuters.com

Чехияда белгісіз адам шіркеуден әулие Здислава Лемберкскаяға тиесілі деп саналатын 800 жылдық бас сүйекті ұрлап кеткен, деп хабарлайды Reuters.

Құнды жәдігер Прагадан шамамен 110 шақырым жерде орналасқан Яблонне-в-Подьештеди қаласындағы Әулие Лаврентий және Әулие Здислава базиликасында арнайы витринада сақталған.

Ұрлық 12 мамыр күні болған. Алайда полиция оқиға туралы келесі күні ғана хабар таратты. Бейнебақылау камераларындағы жазбадан қара киім киген адамның қолына бас сүйекті ұстап, шіркеу ішіндегі орындықтардың арасымен жүгіріп бара жатқанын көруге болады. Жәдігер тұрған витринаның әйнегі сындырылған.

Алғашында полиция күдіктіні ер адам деп хабарлаған. Кейінірек баспасөз қызметі тергеушілер камера жазбаларын әлі де зерттеп жатқанын, әзірге күдіктінің жынысы мен жеке басы нақты анықталмағанын мәлімдеді.

Прага архиепископы Станислав Пршибил бұл оқиғаны ауыр әрі сенгісіз жағдай деп бағалады.

"Қажылар бұл бас сүйекті қасиетті жәдігер ретінде құрметтейтін. Күндізгі уақытта шіркеуден тек тарихи емес, сенушілер үшін рухани мәні зор жәдігердің ұрланғанына сене алар емеспін", – деді ол.

Здислава Лемберкская XIII ғасырда, 1220-1252 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол қайырымдылығы, жомарттығы және мұқтаж жандарға көмектескені үшін құрметке ие болған. 1995 жылы Рим папасы Иоанн Павел II оны әулиелер қатарына қосқан.

Тэгтер:

шіркеу чехия