Астананың қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотында Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановтың шағымы қаралды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Байжанов бұған дейін өзін толық ақтауды немесе жазасын жеңілдетуді сұрап сотқа жүгінген болатын. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырмай, алдыңғы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Судьяның айтуынша, 2024 жылғы 13 мамырдағы үкім мен 26 маусымдағы апелляциялық қаулы өзгеріссіз қалды, ал адвокаттардың кассациялық шағымы қанағаттандырылмады.
Сот барысында Байжановтың үш адвокаты мен жұбайы жаза мерзімін жеңілдетуді сұраған. Сондай-ақ сот отырысында оның анасы эмоцияға ерік бергені хабарланды.
Еске салсақ, Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтіріп, азаптады деген айыппен 24 жылға сотталған. Ал Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
2025 жылы Байжанов амнистия сұрап сотқа жүгінген. Кейін оған амнистия қолданылып, жаза мерзімі қысқартылғаны белгілі болды.