Ақтаудың 27-шағынауданында бала жол апатынан қаза тапты. Қайғылы оқиғаға полиция қызметкері басқарған көлік себеп болғаны айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 13 мамыр күні болған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Маңғыстау облысының полиция департаменті қаза тапқан баланың туыстары мен жақындарына көңіл айтады», – деп мәлімдеді ведомство.
Полиция бұл істің тергеуі бақылауға алынғанын хабарлады.