Ғылым мен мейірімге құрмет: елімізде жаңа ордендер пайда болады

Бүгін, 13:44 / Ахмет Қанатұлы
akorda.kz

Қазақстанда мемлекеттік наградалар жүйесі жаңа марапаттармен толықпақ. Сенат депутаттары 14 мамырда өткен жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары туралы» заңға енгізілген түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Құжаттың негізгі мақсаты – мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру, олардың қоғамдағы маңызын арттыру және марапатқа ұсыну тәртібін нақтылау. Сонымен қатар заң арқылы жаңа мемлекеттік наградаларды енгізу және осы саладағы кейбір нормаларды жаңарту көзделген.

Сенат депутаты Айгүл Қапбарованың айтуынша, заңдағы басты өзгерістердің бірі – ордендер тізімінің жаңа мазмұндағы марапаттармен толықтырылуы. Атап айтқанда, елімізде Al-Farabi, Qoja Ahmet Yasaui және «Мейірім» ордендері енгізілмек.

Al-Farabi ордені білім, ғылым, мәдениет және рухани салада Қазақстанға елеулі еңбек сіңірген азаматтарға беріледі. Бұл марапат интеллектуалдық еңбектің, ғылыми ізденістің және мәдени дамуға қосылған үлестің мемлекет тарапынан жоғары бағаланатынын көрсетеді.

Qoja Ahmet Yasaui ордені Қазақстанның дамуына ерекше үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, сондай-ақ мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, ағартушылық, мәдени және гуманитарлық салаларды дамытуға еңбек сіңірген азаматтарға табысталады. Бұл марапат тарихи-рухани сабақтастықты және түркі әлеміндегі мәдени-гуманитарлық байланысты айқындайтын награда ретінде ұсынылып отыр.

Ал «Мейірім» ордені қайырымдылық, меценаттық және филантропиялық қызметке қомақты үлес қосқан азаматтарды марапаттауға арналған. Бұл бастама қоғамда жанашырлық, ізгілік, әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын қолдауға бағытталған.

Бұдан бөлек, заңда бір адамға құрметті атақты қайталап беруге тыйым салатын норма қарастырылған. Сондай-ақ әскери қызметшілерді, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғаныс органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерін «Даңқ», «Айбын» ордендерімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттау тәртібі нақтыланған.

Тэгтер:

мемлекеттік марапат