Зеленский кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермак қамауға алынды

Бүгін, 14:12 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Украина Президенті кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермакқа қатысты 140 млн гривна көлемінде кепілдік енгізу мүмкіндігімен күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Бұл туралы  Украинаның Жоғары жемқорлыққа қарсы соты мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл шешім Киев облысының Козин ауылындағы «Династия» элиталық коттедж қалашығының құрылысы кезінде 460 млн гривнаны заңдастыру (жылыстату) ықтималдығына қатысты тергеу аясында қабылданды.

Тергеу мәліметтері бойынша, жобаны іске асыруға арналған қаражат «Энергоатом» мемлекеттік кәсіпорнына қатысты сыбайлас жемқорлық схемалары арқылы түскен болуы мүмкін. Украинаның Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросы (НАБУ) мен Мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы прокуратура (САП) 11 мамырда жүргізілген тергеу амалдарынан кейін бұрынғы шенеунікке күдік туралы хабарлаған.

Сот отырысы барысында прокурорлар күдіктінің «көріпкелмен» жазысқан хаттарын да жария етті. Тергеу болжамы бойынша, олар өзара кадрлық мәселелерді де талқылаған көрінеді.

Прокуратура 180 млн гривна көлемінде кепілдік белгілеп, күзетпен ұстауды талап еткенімен, сот кепіл сомасын азайтып белгіледі. Президент кеңсесінің бұрынғы басшысы тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары бар деп санайды. Сондай-ақ ол кепілдікке төлейтін ақшасы жоқ екенін, бірақ «көмектесе алатын достары барын» мәлімдеді.

Тэгтер:

украина жемқорлық Андрей Ермак