Бейжіңдегі банкетте айтылған шақыру: Трамп Си Цзиньпинді Ақ үйге қонаққа шақырды

Бүгін, 09:30 / Ахмет Қанатұлы
Kenny HOLSTON / POOL / AFP via Getty Image. Суретте: Дональд Трамп пен Си Цзиньпин

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға жасаған мемлекеттік сапары кезінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен оның жұбайы Пэн Лиюаньді Ақ үйге ресми сапармен келуге шақырды. Шақыру 14 мамырда Бейжіңдегі Халық құрылтайы үйінде өткен салтанатты банкет барысында айтылды. Трамп Қытай басшысын 24 қыркүйекте Вашингтонға келуге шақырғаны хабарланды, деп жазады Arasha.kz.

Салтанатты кеште сөз сөйлеген Дональд Трамп Қытайдағы кездесулердің нәтижесіне жоғары баға берді. Ол келіссөздердің оң бағытта әрі нәтижелі өткенін айтып, қабылдаушы тарапқа көрсеткен қонақжайлығы үшін алғыс білдірді. АҚШ президенті бұл кешті екі ел арасындағы диалогты жалғастыруға мүмкіндік берген маңызды сәт ретінде сипаттады.

Сапардың ресми бөлігінде Дональд Трамп пен Си Цзиньпин жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізді. Сондай-ақ Қытай басшысы АҚШ президентімен бірге келген ірі америкалық компания өкілдерімен де кездесті.

Бағдарламаның мәдени бөлігінде екі ел басшылары Бейжіңдегі Аспан ғибадатханасына барды. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген тарихи кешенде тараптар сәулет нысандарын аралап, бірлескен фотосессияға қатысты.

Тэгтер:

Дональд Трамп Си Цзиньпин