Шымкентте 23 жастағы қыз Уақытша ұстау изоляторына жеткізілгеннен кейін көз жұмды. Бұл туралы адвокат Мұхаммед Әлиосман Оғлы мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Адвокаттың айтуынша, бойжеткен танысының үйіне барғанда мас жігіттердің бірі оған тиіскен. Қыз қарсылық көрсетіп, далаға қашқан және құрбыларына полиция шақыруды өтінген. Көшедегі төбелес кезінде бір жігіт пышақталған. Полиция бұл қылмысқа (ҚР ҚК 106-бабы 2-бөлігі) бойжеткенді айыптап, қамауға алды.
Қалалық Полиция департаментінің нұсқасы бойынша, 2 мамырға қараған түні мас күйдегі бойжеткен мен кәмелетке толмаған жасөспірім арасында жанжал шығып, қыз оған пышақ жарақатын салған. 12 мамырда күдікті өзіне қарсы заңсыз әрекеттер жасалғанын мәлімдеген, бірақ куәгерлер бұны растамаған.
15 мамырға қараған түні камерада қыздың денсаулығы нашарлап, ауруханада қайтыс болды. Алдын ала себебі — «дәрілік препараттан улану». Қазіргі уақытта өлім фактісі және Уақытша ұстау изоляторында ұстау ережелерін бұзу бойынша қылмыстық істер қозғалып, тергеу жүріп жатыр.