ҰБТ-дағы алаяқтық: Интернеттегі "жауаптарға" сенуге бола ма?

Бүгін, 12:19 / Қайсар Қалам
Сурет: Ұлттық тестілеу орталығы

Ұлттық тестілеу орталығы Қазақстан түлектеріне үндеу жасап, алаяқтардың «ҰБТ тапсыруға көмектесу» туралы уәделеріне сенбеуді ескертті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мамандардың мәліметінше, әлеуметтік желілерде «ҰБТ тапсыруға көмектесеміз», «грант алып береміз» немесе «тест жауаптарын сатып алыңыз» деген мазмұндағы хабарландырулар тарап жатыр.

«Мұндай ұсыныстардың барлығы  алаяқтық. Азаматтарды күмәнді ақпараттарға сенбеуге және алданып қалмауға шақырамыз. Әрбір тестіленуші үшін тест нұсқалары жеке дара қалыптастырылатынын еске саламыз. Сондықтан интернетте тарап жүрген «сливтер» (тарап кеткен сұрақтар) ҰБТ-ның нақты тапсырмаларына еш сәйкес келмейді», - делінген хабарламада.

Ұлттық тестілеу орталығы тест материалдарын заңсыз тарату және осындай арналардың жұмысы анықталған жағдайда, құзырлы органдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

«Тест тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығының интеллектуалдық меншігі болып табылады. Оларды заңсыз тарату және жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Сіздерді ҰБТ-ға тек өз білімдеріңізге сүйеніп дайындалуға шақырамыз. Академиялық адалдық принциптерін бірге сақтайық», - деп толықтырды орталық өкілдері.

Тэгтер:

тест ұбт білім интернет алаяқтық тест жауабы