Маңғыстау облысына экспедициямен келген швециялық ғалым-палеонтолог Штефан Киль Есенов университетінің студенттерімен және «Геология және мұнай-химия инжинирингі» кафедрасының меңгерушісі Сезім Мұстафаевамен бірлесіп, өңір аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде акуланың тістері табылды. Ғалымдардың айтуынша, бұл тістер осыдан 30–40 миллион жыл бұрын өмір сүрген ірі жыртқыш балыққа тиесілі болуы мүмкін.
Сонымен қатар, қазба жұмыстары барысында киттің қабырғасы, теңіз жұлдызының қалдықтары мен түрлі моллюскалар да табылды. Ғалымдардың пікірінше, бұл олжалар — ежелгі мұхиттық экожүйенің айқын іздері.
Зерттеушілер ерте заманда Маңғыстау аумағы алып Тетис мұхитының бір бөлігі болғанын атап өтті. Бүгінде бұл аймақ шөлді зона болып саналғанымен, оның қойнауында миллиондаған жылдық теңіз тарихы жасырулы жатыр.
«Бұл бірегей палеонтологиялық олжа - миллиондаған жылдар бұрын қазіргі Маңғыстау аумағын алып жатқан ежелгі Тетис мұхитының табиғи тарихын ашатын өте құнды ғылыми жаңалық. Табылған акула тістері аймақтың геологиялық өткені мен ежелгі теңіз экожүйесінің байлығын дәлелдейді, сондай-ақ халықаралық ғылыми қауымдастық үшін де ерекше құндылыққа ие», - деп атап өтті швециялық ғалым Штефан Киль.