Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Astana LRT жүйесінің жұмысын ресми түрде іске қосты. Мемлекет басшысы жеңіл рельсті көліктің алғашқы жолаушысы ретінде "Әуежай" станциясынан "Ұлттық музей" станциясына дейін жүріп өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сапар барысында Президентке 001 сериялы жол жүру картасы табысталды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы қоғамдық көлік қозғалысын бақылап, LRT жұмысын реттейтін Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысты.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, LRT жүйесін іске қосу аясында жеңіл рельсті көлікке арналған арнайы диспетчерлік қызмет құрылған. Қоғамдық көліктің қозғалысын бақылау және үйлестіру жұмыстарымен 21 маман айналысады.
LRT пойыздары жүргізушісіз, автоматтандырылған режимде қатынайды. Әр құрам 600-ден астам жолаушы тасымалдауға арналған. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желіде 18 станция қарастырылған, ал бағыт "Әуежай" станциясынан "Нұрлы жол" вокзалына дейін жалғасады.
Жүйе арқылы 15 құрам тұрақты түрде жүріп, тағы бірнеше пойыз резервте болады. Толық бағыт шамамен 40 минутты алады, ал пойыздар орта есеппен 5-6 минут сайын қатынайды.
Осылайша, елордада көп жылдан бері күткен жеңіл рельсті көлік жобасы іске қосылып, Астананың қоғамдық көлік жүйесіне жаңа бағыт қосылды.