ChatGPT Plus-ты бір жыл тегін қолданады: OpenAI әлемде алғаш рет осындай келісім жасады

Бүгін, 09:01 / Ахмет Қанатұлы
ChatGPT Plus арқылы жасалған иллюстрация

Мальта жасанды интеллектіні халыққа жаппай қолжетімді ететін әлемдегі алғашқы елдердің бірі атанбақ. Америкалық OpenAI компаниясы мен Мальта үкіметі ел азаматтарына ChatGPT Plus қызметін бір жыл бойы тегін ұсыну туралы серіктестік жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

OpenAI мәліметінше, бұл бастама Мальта азаматтарына жасанды интеллектіні күнделікті өмірде, оқуда және жұмыста жауапкершілікпен қолдануды үйретуге бағытталған. Бағдарлама аясында тұрғындар алдымен Мальта университеті әзірлеген арнайы курстан өтеді. Курс барысында қатысушылар жасанды интеллектінің не екенін, оның қандай мүмкіндіктері барын және оны қауіпсіз әрі тиімді қолдану жолдарын үйренеді.

ChatGPT Plus-ты бір жыл бойы тегін пайдалана алады

Курсты аяқтаған азаматтар ChatGPT Plus-ты бір жыл бойы тегін пайдалана алады

Бағдарламаның алғашқы кезеңі мамыр айында басталады. Қатысушыларға қолжетімділікті Мальтаның цифрлық инновациялар басқармасы қамтамасыз етеді. Жобаға қатысушылар саны артқан сайын бағдарлама да кеңейтілмек. Оған Мальтада тұратын азаматтармен қатар, шетелдегі Мальта азаматтары да қатыса алады.

Мальтаның экономика, кәсіпкерлік және стратегиялық жобалар министрі Сильвио Шембри бұл қадам ел азаматтарының цифрлық дәуірден қалып қоймауы үшін жасалып отырғанын айтты.

Оның сөзінше, Мальта халқын жаһандық өзгерістердің алдыңғы қатарына шығаруды көздеп отыр.

OpenAI өкілдері де бұл серіктестік арқылы Мальта Еуропада ғана емес, әлем бойынша жасанды интеллектіні азаматтарына қолжетімді ету жағынан алдыңғы қатарға шыққанын атап өтті. Компания басқа елдер де Мальта үлгісіне назар аударады деп үміттенеді.

Мальта халқы

Айта кетейік, Мальта — Оңтүстік Еуропада, Жерорта теңізінде орналасқан парламенттік республика. Ел аумағы шамамен 320 шаршы шақырымды құрайды, халқының саны 500 мыңнан асады.

ChatGPT Plus жазылымының құны

Қазір ChatGPT Plus жазылымының құны айына 20 доллар. Демек, бір адам үшін жылдық жазылым шамамен 240 долларға тең. Осы тұрғыдан алғанда, Мальта азаматтарына ұсынылып отырған бағдарлама тек технологиялық емес, экономикалық жағынан да елеулі қолдау саналады.

Дереккөз: OpenAI ресми сайты.

Тэгтер:

OpenAI Мальта ChatGPT Plus Жасанды интелект