Павлодардағы ХҚКО-да Ресей азаматы жанжал шығарды

Бүгін, 10:30 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Оқиға Павлодар қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) бірінде болған. Болжам бойынша, Ресей азаматы мемлекеттік мекемеде тәртіп бұзған: дауыс көтеріп айқайлаған, қолдарын сермеп, өзін агрессивті ұстаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ондағы жағдайға бейжай қарамаған бір келуші әлгі адамға ескерту жасап, тыныштықты бұзбай, тынышталуын өтінген. Алайда ресейлік бұл сөзге шамданып, қарсы шыққан, соның салдарынан екі арада жанжал туындаған.

Кейінірек шиеленіске мекеме қызметкері араласқан. Бірақ ашуға мінген ер адам дөрекілігін тыймай, келушіге де, мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне де дүрсе қоя беріп, өзін агрессивті ұстауын жалғастырған.

Бұл елімізге келген ресейліктер тарапынан жасалып отырған бірінші агрессивті жағдай емес. Осыдан бірнеше күн бұрын Алматыда Қазақстанның банк картасын рәсімдеу үшін келген ресейлік әйелдің сөздері әлеуметтік желіде резонанс тудырған еді. Ол кезде құжат рәсімдеу барысында туындаған қиындықтарға шағымданған әйелдің видеосы тараған. Бейнежазбада ол банк пен ХҚКО арасындағы ұзақ бюрократиялық процестерге наразылығын білдірген. Кейін халықтың наразылығынан кейін Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен әйел 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған еді.

Тэгтер:

Павлодар жанжал ХҚКО Ресейлік