Тағылым мен тәрбие тоғысқан шаңырақ

Бүгін, 11:02 / Arasha.kz

«Баланың болашағы бесіктен басталады» дейді қазақ. Сол секілді кез келген тұлғаның дүниетанымы, ең алдымен, өзі өскен ортасда қалыптасатыны белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда Кемел Тоқаев әулетіндегі тәрбие мен рухани орта назар аудартпай қоймайды.

Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі болған ол әдебиетке жай қалам ұстаған адам ретінде келген жоқ. Соғыстың қасіретін көзімен көрген буынның өкілі ретінде адам мінезін, тағдыр салмағын, әділет пен қиянаттың ара жігін ерте таныды. Сондықтан оның шығармаларында тек шытырман оқиға ғана емес, адам психологиясы, ар мен жауапкершілік мәселесі қатар өріліп отырады. Қазақ әдебиетінде детектив жанрын қалыптастырған санаулы қаламгердің бірі атануы да содан болса керек. Оның шығармаларындағы ұстамдылық, байыппен баяндау, адамға үңілу секілді сипаттар Кемел Тоқаевтың өмірлік болмысынан да хабар бергендей.

Соғыстан кейінгі қиын кезеңге қарамастан бұл отбасында кітап оқуға, білімге және тәрбиеге ерекше мән берілген. Балаларына кешкілік кітап оқып беру, тарих туралы әңгіме айту, көп тіл үйренуге ынталандыру кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың дүниетанымына әсер еткен ортаның бір бөлігі болғанға ұқсайды.

Жазушы Сәуле Досжан Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалық шағы мен отбасы туралы деректерді жинақтай отырып, тұлғаның қалыптасуында шаңырақтағы тәрбие мен рухани ортаның рөлі айрықша болғанын айтады. Оның сөзінше, бұл әулетте білімге құштарлық, үлкенге құрмет пен баланың таным көкжиегін кеңейтуге деген ерекше назар болған. 

«Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әке туралы» атты кітабында балалық шағы, әкесі Кемел Тоқаев, аталары мен тағдырдың талай сынағы туралы тебірене жазады. Мен де жуырда жарық көрген “Бала шақтан – болашаққа” кітабымда осы отбасындағы бала тәрбиесі, құндылықтар, балаға берілген рухани орта жайына көбірек тоқталдым. Өйткені қандай тұлға болса да, оның дүниетанымы ең алдымен шаңырақта қалыптасады», – дейді жазушы.

Сәуле Досжанның айтуынша, әутарихына үңілген сайын олардың тамыры әдебиетке, өнер мен рухани ортаға жақын болғаны аңғарылады. 

«Көпшілік арасында Президенттің атасын “Тоқай” деп айтып жүргендер бар. Алайда шын мәнінде әулеттің түп аты – Тоқа. Жетісу өңірінде Тоқа деген ру болған, қазақ тарихында Тоқа есімді күйші де өткен. Атасының атын сол румен байланыстырып қойған болуы керек», – дейді Сәуле Досжан.

Кемел Тоқаевтың шығармашылығында соғыс тақырыбы, адам тағдыры, әділет мәселесі жиі көрінеді. Майданнан жараланып оралған қаламгер кейін сол кезеңнің ауыр психологиясын әдебиет арқылы жеткізуге тырысқан. Әдебиет зерттеушілері де оның шығармаларында тарихи жады мен адам мінезіне терең үңілу барын айтады. Бәлкім, Тоқаевтар әулетіндегі өткенге құрмет, соғыс көрген буын тағдырын ұмытпау секілді түсініктердің қалыптасуына да осы өмірлік тәжірибе әсер еткен шығар. 

Әулет ішінде өткенге құрмет ерекше сақталғанын да байқауға болады. Мәселен, Кемел Тоқаев соғыста қаза тапқан ағасы Қасымның есімін ұлына берген. Бұл сол буын үшін отбасы тарихы мен адам тағдырын ұмытпау қаншалықты маңызды болғанын аңғартатын символика. 

«Соғыстан кейінгі қиын кезеңде Кемел Тоқаев пен Тұрар апай шаңырақ көтереді. Екеуі де жетімдіктің тауқыметін көріп өскен жандар. Сондықтан болар, олар үшін отбасының қадірі бәрінен жоғары тұрған. Кемел аға сол уақыттың өлшемімен қарағанда кештеу, отыз үш жасында үйленген. Ал Тұрар апай болса, медициналық оқу орнына түскеніне қарамастан, аналық жолды таңдап, оқуын тастап кетеді. Бұл – бүгінгі өлшеммен қарағанда үлкен жауапкершілік. Ол өз тағдырын балаларының болашағымен байланыстырды», – дейді жазушы.

Жазушының айтуынша, бұл шаңырақта төрт баланың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлінген. Балалардың бәрі де білімге жақын, мәдениетті ортада өскен. Бірақ бүгінде олардың есімі көп айтыла бермейді.

«Сол үйде өскен төрт баланың төртеуі де білімді, мәдениетті болып қалыптасты. Бірақ бүгінде олардың есімі көп айтыла бермейді. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев әулет мүшелерінің мемлекеттік қызметте ерекше артықшылыққа ие болғанын қаламайтын ұстанымымен белгілі. Тіпті өзінің де, отбасы мүшелерінің де суреттерін көпшілік алдына шығара бермейді. Мұның өзі оның мемлекетшіл болмысын аңғартатындай», – дейді Сәуле Досжан.

Жазушының сөзінше, бұл шаңырақта балалардың рухани дүниесіне ерекше көңіл бөлінген. 

«Бұл отбасындағы тәрбиенің өзегі кітап болған секілді. Қазіргі кезде Президенттің кітап оқу мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлуі де тегін емес. Өйткені бала Қасым-Жомарттың өзі кітаптың ортасында өсті. Үйде кешкілік уақытта ата-анасы балаларға кітап оқып беруді дәстүрге айналдырған. Әсіресе Кемел Тоқаев ұйықтар алдында балаларын айналасына жинап алып, кітаптан дауыстап оқиды екен. Сол арқылы балалар әдебиетпен ерте танысып қана қоймай, қиялы ұшқыр болып жетіледі», – дейді ол.

Сәуле Досжан Қасым-Жомарт Тоқаевтың бала күнінен тілге, білімге бейімділігі де сол үйдегі көзқараспен байланысты болса керек деген ойда. Себебі кеңес кезеңінде қарапайым отбасылар үшін қосымша ағылшын тілін оқыту сирек жағдай саналса да, ата-анасы баласының болашағына алыстан қарауға тырысқан.

«Кітап оқып өскен баланың ойы ұшқыр болатыны содан шығар. Қасым-Жомарт Тоқаев та жастайынан зерек болып өседі. Тіл үйренуге бейімділігі ерте байқалған. Ол кезеңде мектептерде көбіне неміс және француз тілдері оқытылатын. Соған қарамастан, анасы ұлына арнайы адам жалдап, ағылшын тілін үйреткен екен. Бұл – кеңес дәуіріндегі қарапайым отбасы үшін сирек кездесетін жағдай. Демек, ата-анасы баласының болашағына сол кездің өзінде кеңірек қараған», – дейді жазушы.

Жазушы ерекше әсер қалдырған естеліктердің бірі ретінде бала Қасым-Жомарттың арманы туралы әңгімені мысалға келтіреді. 

«Қасым-Жомарт Кемелұлы екінші сыныпта оқып жүрген кез болса керек. Жаңа жыл қарсаңында үйге шырша қойылып, балалар өз өнерлерін көрсетеді. Ән айтып, тақпақ оқып болған соң Кемел аға балаларынан: «Ал енді армандарыңды айтыңдаршы, – деп сұрайды. Сонда сегіз жастағы Қасым-Жомарт қабырғада ілулі тұрған дүниежүзінің картасы мен глобусты көрсетіп: «Мен осы елдердің бәрін аралайтын үлкен адам болғым келеді», – дейді. Ол кезде шетел түгілі Мәскеуге барудың өзі қиын заман. Сондықтан әкесі күліп: «Халық Мәскеуге жете алмай отыр ғой деген екен. Демек, отбасында баланың қиялына шек қоймай, керісінше ұшқыр болуына, биікті армандауына ден қойған. Осындай ортада өскен бала кейін әлемнің талай мемлекетінде қызмет атқарып, дипломатияның биік сатысына көтерілуі де заңдылық сияқты көрінеді», – дейді Сәуле Досжан.

Жазушының пікірінше, Кемел Тоқаевтың өмірден көрген қиындықтары да оның бала тәрбиесіне деген көзқарасына әсер еткен. Әділетсіздік пен тағдыр тауқыметін бастан өткерсе де, ол балаларының бойына адалдық пен әділдік прициптерін сіңіруге тырысқаны байқалады.

«Кемел Тоқаевтың өмірінде қиындық аз болмаған. Әділетсіздік көрген, тағдырдың талай сынағынан өткен кездері де болыпты. Бірақ соған қарамастан, ол балаларының бойына әділдікті сүю, адамға қиянат жасамау, білімге ұмтылу секілді қасиеттер сіңіре алды», – дейді ол.

Бұл естеліктерден бір дәуірдің тынысы сезілері анық. Баланың бойындағы салмақты болмыс пен әлемге ашық көзқарас та осындай құндылықтардың ортасында қалыптасса керек.